Атыраулық 73 жастағы волонтер әжей шала туған шақалақтарға таза жүннен киім тоқып жүр

Атыраулық 73 жастағы волонтер әжей шала туған шақалақтарға таза жүннен киім тоқып жүр
Фото: Автордан

Зинаида Ивановна Агунькина – 73 жастағы волонтер әжей. Ол төрт жылдан бері шала туған шақалақтарға киім тоқып, жергілікті перзентханаларға тегін тапсырып келеді. Атыраудағы "28 ілмек" клубының белсенді мүшесі Зинаида Агунькина әдемі жасына қарамастан, өмір үшін күресіп жатқан нәрестелерге керекті киім-кешек, жабдықтарды тоқуға уақыт тауып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

73 жастағы әжей бос уақытында "Гурьевчанка" әжелер хорында ән айтады. Ол "28 ілмек" клубы туралы осы хордағы құрбысынан білген.

"Күнделікті репитициядан кейін Фаина есімді құрбымның иірілген жіп пен инелерін алып, бір жаққа асығып баратынын көретінмін. Бірде одан күн сайын қайда барып жүргенін сұрадым. Ол өзінің шала туған балалар үшін киім-кешек тоқып жүргенін айтты. Сөйтіп, құрбыммен бірге "28 ілмек" клубына келдім. Мен балаларды өте жақсы көретін адаммын. Бала – бізге берілген ең үлкен сый. Сондықтан, өмірге мерзімінен бұрын келген нәрестелерімізге осылай көмектесіп отырамын дейді Зинаида әжей.

Медицина мамандары шала туған нәрестелердің өмірге бейімделуіне таза жүннен тоқылған киімдердің пайдасы зор екенін әлдеқашан мойындаған. Тек соңғы үш жылда атыраулық "28 ілмек" клубы жергілікті перзентханаларға 4000-нан астам жүннен тоқылған киім-кешек табыс еткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 15 миллион бала мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 37-ші аптасына жетпей өмірге келеді.


Баян Жанұзақова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы