- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауға су тасқынында...
Атырауға су тасқынында қапшық тасыған дағыстандық Алтын медальмен марапатталды
Атырауға қиын шақта қап әкеліп, қол ұшын созған Дағыстан тұрғыны ҚР Журналистер одағының Алтын медалімен марапатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Омарасхаб Ахмедов қазақстандықтарға бейнеүндеу жазып, Атырау облысындағы су тасқыны кезіндегі еңбегін жоғары бағалағаны үшін бауырлас халыққа алғысын білдірді. Ахмедов Омарасхаб - Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасы Хасавюрт ауданы, Муцалаул ауылының тұрғыны.
Ол Атырау облысындағы су тасқыны туралы біліп, досынан түнгі сағат 2-де құрылыс дүкенінің қоймасын ашуды өтінген. ГАЗельге 50 мың қап тиеп, Атырауға Астрахан облысы арқылы барып, түні бойы көлік жүргізген. Келесі күні Ахмедов қаптарды Атырау облысына жеткізген. Бұл қаптар Жайық өзенінің жағалауын нығайту үшін пайдаланылды. Дағыстан тұрғынының бұл жанқиярлық әрекетін Атырау облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның тұрғындары тебіреніспен қабылдады.
Ал ҚР Журналистер одағы Ресей азаматын Алтын медальмен марапаттауға шешім қабылдады. Өкінішке қарай, Омарасхаб Ахмедов марапаттау рәсіміне келе алмады. Алайда ер адам қазақстандықтарға бейнеүндеу арқылы алғыс айтты.
"Дағыстандықтар, кавказдықтар мен қазақтар тарихи тұрғыдан бір-бірімен өте тығыз байланысты деп есептеймін. Қуғын-сүргін кезінде, қиын күндерде біздің аталарымыз қазақ даласында аш күндерін өткізгені туралы әңгімелер бар. Ал ағайынды қазақтар олардың өлуіне жол бермеді. Менің ойымша, бұл менің азаматтық борышым және мен оны бауырлас халыққа алғыс ретінде орындадым. Менің еңбегім жоғары деңгейде бағаланғанына алғыс айтамын", - деді Омарасхаб Ахмедов қазақстандықтарға.
Айта кетейік, Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі қоғам қайраткерлеріне, журналистерге және басқа да азаматтарға экология саласындағы қоғамдық қызметі үшін, балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасағаны үшін беріледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова