Атырауда бүгін екінші күн қатарынан қаланы көк түтін басып жатыр. Түтін салдарынан қалада жол көрінбей қалған. Тұрғындар түтінге енді күкірт қосылып, далада жүру мүмкін болмай отырғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атыраулықтар жаппай төтенше жағдай жариялауды талап етіп отыр. Белсенділердің жазбаларын Facebook желісіндегі парақшалардан байқауға болады.
"Көз ашу мүмкін болмай қалды. Жуған киімнің бәрінен жағымсыз иіс мүңкіп кетті. Кейін үйді алып кетті. Бүгін қалаға дейінгі 15 минуттық жерді 45 минут жүріп келдік. Түтіннен түк көрінбейді. Мына билікке біздің жағдай жетуі үшін атыраулықтар не істеуі керек?" - дейді қоғамдық белсенді Алтынай Серікбай.
Талжібек Қажығали - зейнет жасындағы ана. Көк түтін салдарынан тамағы бітеліп, ауырып қалған ол немерелері үшін алаңдайды.
"Біз көп нәрсені көрдік қой. Шыдамдылардың бірі мен едім. Бірақ екі күннен бері жалғасқан өрт, оның алдындағы күкірттің ауаға таралуы алаңдатып қойды. Енді ғана өсіп келе жатқан немерелерім үшін алаңдаймын", - дейді Талжібек Қажығали.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, Атырау қаласынан 30 шақырым жердегі Дамбы селосы маңындағы Каспий жағалауында өрт болып жатыр. Қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 10 қызметкері мен 2 техникасы, "Ақ жайық" резерватының 30 қызметкері, 9 техникасы жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда тұрғындар қаланы түтін басқанына шағымданғаны хабарланған болатын. Мұның себебі қамыстың өртенуі болған. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департменті өкілдері өртсөндірушілер өрт сөндірумен айналысып жатқанын мәлімдеген еді.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!