- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраудағы төтенше жағдай:...
Атыраудағы төтенше жағдай: каналдарда бос орындар дайындалып жатыр
Атырауда су тасқыны қаупіне байланысты каналдарда бос орындар дайындалып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазсушар" мекемесінің Атырау облыстық филиалына қарасты 4 каналда тасқын суын қабылдау үшін бос орындар дайындалып жатыр. Яғни Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарына вегетация маусымына жиналған су Каспийге жіберіліп жатыр.
Осының нәтижесінде Соколок каналы 2 миллион текше метр, Сарыөзек каналы 3 миллион текше метр, Бақсай каналы 7 миллион текше метр және Нарын каналы 4,5 миллион текше метр су қабылдай алады.
Бұдан бөлек, "Қазсушар" мекемесі Сарыөзек каналының 5 шақырымында түп тереңдету жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, канал жанынан 50 шақырым су бөгеті салынып жатыр және қорғанысты нығайту мақсатында каналдың жағасы қапшықтармен қосымша 4-5 метрге көтерілген.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтарды атады.
ТЖ жөніндегі жедел штабта өткен брифинг барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев "үлкен су" қайдан келетінін және қандай елді мекендер қауіпті аймақтарда тұрғанын айтты.
"Жайық өзені бізге солтүстіктен оңтүстікке қарай ағады. Қазіргі уақытта Бесікті, Алмалы, Береке елді мекендеріне су басу қаупі төніп тұр. Қазіргі уақытта бұл елді мекендерде екі қорғаныс желісін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова