- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраудағы жүн өңдеу...
Атыраудағы жүн өңдеу фабрикасына жабылу қаупі төніп тұр
Осыдан біраз жыл бұрын қызылды-жасылды жарнамасы жер жарған Атыраудағы жүн өңдеу фабрикасы дефолттың алдында тұр. Инвестор табылып, фабрикаға қаржы құйылмайтын болса, Қазақстан ішіндегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы баламасы жоқ фабрикамен біржола қош айтысуымыз мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Caspiy Lana Atyrau" жүн өңдеу фабрикасы директоры Назгүл Есмаханованың айтуынша, осыдан 8 жыл бұрын ашылған фабрикада тоқырау проблемасы 2019 жылы басталған.
"Қазіргі уақытта зауыт мемлекет тарапынан кепілдендірілген тапсырыстың болмауынан және шикізат жетіспеушілігінен тоқырап тұр. Одан басқа да проблемалар бар", – дейді фабрика директоры Назгүл Есмаханова.
Статистика бойынша, Атырауда 30 мың бас, Ақтауда 60 мың бас түйе бар. Кезінде Атыраудағы фабрика ашыларда 90 мың түйе малынан жылына 150 тонна жүн жиналады деген болжам болған. Бірақ нақты іске келгенде ондай көлемдегі жүн жиналмаған.
"Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Қаппазовтың айтуынша, қазір тұралап тұрған фабриканы жандандыру мақсатында әлеуетті инвестор іздестірілуде.
"Фабрика соңғы уақытта жұмыс істегенімен, шығындарын жаба алмады. Шикізат өнімінің Атырауда тапшы болуына байланысты жүнді өзге өңірлерден және Ресейден тасымалдауға мәжбүр болды. Себебі аталған қондырғыларда өңделетін жүн меринос қойының биязы жүні болу керек. Түйе жүнін қырқудың өзіндік құны қымбат болғандықтан да, фабрика өңделген түйе жүнін басқа өңірлерден сатып алып келді. Кәсіпорынның қазіргі уақытта тұралауының басты себебі – айналым қаражатының болмауы салдарынан, шығарылған өнім көлемі кәсіпорын шығынының аз бөлігін жапты", - деді Н.Қаппазов.
Корпорация өкілінің айтуынша, нарықта халық тарапынан Қытай мен Өзбекстаннан әкелінетін синтетика аралас көрпелерге сұраныс көптігін және осыған байланысты фабрика бәсекелестікке төтеп бере алмаған. Сол себепті, Caspiy Lana Atyrau ЖШС өндіретін табиғи өнімді ішкі нарыққа да шығаратын, шетелге де экспорттауға қарым-қабілеті жететін кәсіпкер керек.
Еске сала кетсек, Атырауда Жүн өңдеу фабрикасы индустрияландыру картасы аясында 2019 жылы ашылған болатын.
Баян Жанұзақова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы