- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраудағы флешмобта бензин...
Атыраудағы флешмобта бензин бағасы сөз болды
Бүгін Атырау қаласының орталығындағы Исатай-Махамбет алаңына жиналған жергілікті бірнеше белсенді мен тұрғындар бензин бағасының көтерілуіне қатысты ойларымен бөлісті, - деп хабарлайды azattyq.org тілшісі.
Өздері «флэшмоб» деп атаған басқосуда Қазақстанда бензин бағасының қымбаттауы жұрттың түсініспеушілігін тудырып отырғанын айтты. Атыраулық белсенді Талғат Аян әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап жатқан кезде біздің елде бензин бағасының неліктен қымбаттағанын билік түсіндіруі керек деп санайды.
– Бензин бағасының қымбаттауына наразылық әркімде бар. Бірақ оны ашық білдіруге көбінің батылы бармайды. Бұл флешмоб адамдарға өз талаптарын ашық қоя білуден қорықпау керектігін көрсету, - дейді ол.
Жарты сағатқа созылған флешмобқа қатысушылардың бірі – жергілікті белсенді Макс Боқаев мұнай шикізатына бай облыста тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық жағдайы нашарлап бара жатқанын айтады.
– Аймақтағы қоршаған орта проблемасы, судың сапасы, оның тарифінің өсуі тұрғындарды тығырыққа тіреді, - дейді.
Ол осы мәселелер толғандырған жергілікті белсенділердің тамыздың 4-інде Атырау қаласы әкімінен 20 қыркүйекте митинг өткізуге рұқсат сұрап жазған өтінішке әлі жауап ала алмай отырғандарын айтты.
Қыркүйектің 4-і күні Қазақстан үкіметі ішкі нарықта бөлшек саудада АИ-92/93 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеу саясатынан бас тартатынын жариялаған соң іле-шала елдегі жанармай сату бекеттерінде бензиннің аталған маркаларының бір литрінің бағасы 108 теңгеден 128-130 теңгеге дейін қымбаттап кеткен еді.
Ж. Исакаев