Атыраудағы базарда зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды

Атыраудағы базарда зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды
Фото: Видео кадры

Атырауда базар ішінде зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот отырысы басталды. 39 жастағы жеке кәсіпкер кінәсін ішінара мойындап отыр.

Қылмыс маусым айында болған. Марқұм Амандық Сағынғалиев "Газель" машинасымен жеңіл көлікті сырып кеткені үшін күдікті оны өлімші етіп сабап тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қоғамдық резонанс туғызған қайғылы оқиға маусым айында болған. Базар ішінде "Газель" көлігімен тауар алып жүрген зейнеткер байқаусызда "Мерседес" көлігін сырып кетеді. Ашуға булыққан жеңіл көлік жүргізушісі марқұм Амандық Сағынғалиевті тепкілеп тастаған. Ауыр соққыдан зейнеткер есін жинай алмаған күйі ауруханада қайтыс болады. Жәбірленуші тараптың қорғаушылары бұл қылмыстық іс тергеуде бірнеше рет өзгертілді дейді. 

"Іс 107-баппен қозғалды. Қасақана дене жарақатын салу, 293-бабына өзгертілген бұзақылыққа, одан кейін 106-баптың 3-бабына ауыстырылды. Одан кейін 99-баптың 2-бөлігіне ауыстырылды. Оны қайтадан 106-баптың 3-бөлігіне ауыстырды", - дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Айбар Қосымбаев.

Зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен іс қозғалды. Бірнеше айға созылған тергеу аяқталып, бүгін алғашқы сот отырысы басталды. Жәбірленуші тараптан келгендер залға сыймай, біразы сыртта қалды. Ал прокурор айыптау актісін оқып, қылмыстың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.

"Сағынғалиевтің сол жақ бас және бет сүйегін үздіксіз төрт рет, иегінің астынан жоғарға қарай екі рет, сол жақ бас және бет сүйегінен екі мәрте бар күшімен соққан. Оң қолымен Сағынғалиевтің желкесінен ұстап, автокөлік тұрған жаққа қарай жұлқылап әкеліп, оң жақ жұдырығымен Сағынғалиевтің сол жақ басынан, бетінен қатты соққан", - деді мемлекеттік айыптаушы Ризабек Нұрболат.

Сотталушы - 39 жастағы жеке кәсіпкер. Кінәсін толық мойындамай, тек ішінара келісіп отыр. Сондай-ақ ол судьядан бұл іске журналистердің қатыстырылмауын сұраған. Алайда судья ашық сот отырысын онлайн көрсетуге де болады деп ескертті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан