Атыраудың №2 сотында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазда жәбірленуші қаладағы базарлардың бірінің аумағында өзінің жүк автокөлігін басқарып, қасында тұрған жеңіл автокөлікке зақым келтірген.
Сотталушы, жеңіл автокөліктің иесі бұған ашуланып, жәбірленушіге тап беріп, оның басына жұдырығымен бірнеше соққы жасаған. Алған жарақаттар салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.
Прокурор сотталушыға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындап, азаматтық талапты қанағаттандыруды, ал сотталушының өзі төбелес бойынша кінәсін мойындап, алайда жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын айтып, осыған байланысты жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушылар сотталушының әрекетін абайсызда қазаға ұшырату бабына (ҚК-тің 104-бабы) кері саралауды сұрады.
"Сот үкімімен сотталушы ҚК-тің 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды", - делінген сот үкімінде.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Атыраудағы базарлардың біріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған видео тарады. Кадрлардан ер адамдар жанжалдасқаны байқалады.
Оқиға қайғылы жағдаймен аяқталған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!