- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атыраудағы балабақшада 4...
Атыраудағы балабақшада 4 жасар қыз саусағынан айырылды: жаңа деректер айтылды
Кеше Атыраудағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін саусағынан айырылғаны хабарланған болатын. Оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс жағдай кеше тапа-тал түсте дәл "Нартайлақ" балабақшасында болған. 4 жасар қыз әткеншекте ойнап жүріп, оқыста саусағынан айырылған. Кейіннен топқа жауапты тәрбиеші қызды жанұшыра облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, анасына хабар беріпті. Бірақ балдырғанның ата-анасы жағдайдың қалай болғанын әлі түсіне алмай отыр.
"Далада серуендеп ойнап жүргенде саусағының басы жұлынып кеткен. Қараусыз қалды ма, ешкім ештеңе айтқан жоқ. Басшылардың немқұрайдығынан болып отыр. Бұл жерге қаншама бала келеді? Тәрбиеші бар деп алаңсыз жүреміз. Балабақша басшылығы мардымды түк айта алмай отыр. Баламның ары қарай жағдайын жасасын, жауапты болған соң, жауапкершілік алуы керек", - дейді қыздың әкесі Ержан Тәженов.
Бір қызығы, оқиғаның қалай болғаны тіпті, балабақша ішіндегі бейнебақылау камераларына да түспей қалыпты. Енді ата-ана жауаптылардан кішкентай қыздың ем-домына қаржылай болса да көмек көрсетсін деп талап етіп отыр. Қайғылы оқиғаның жай-жапсарын анықтамақ болып, 100-ден аса бала тәрбиеленетін бөбекжайға барғанымызда, басшының орнында уақытша отырған қызметкер түсірілімге рұқсат етпеді. Тек кінәмізді мойындаймыз, көмек көрсетеміз деп қысқа қайырды.
"Ештеңе жасырып қалған жоқпыз. Ата-анасына бірден телефон соқтық, балаға бірден алғашқы көмек көрсетілді, ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Бізде барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Барлық құжат бар. Жағдай солай болып қалды. Басшымыз кезекті демалыста. Бәрінен хабардар. Мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Қателігімізді мойындаймыз. Көмек көрсетеміз", - деді балабақша әдіскері Жанаргүл Сұлтанғалиева.
Ал полиция департаменті балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегі бойынша тергеуді бастаған.
"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабына сәйкес, яғни балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақтілек Нұроллаева.
Кішкентай қыздың ата-анасы бұл істі жылы жауып қоймайтынын, кінәлілер жазаланбайынша тыным таппайтынын айтып, соңына дейін баратынын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина