Атырауда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына және Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сала ардагерлері мен азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шараға қатысушылар 2024 жылғы көктемде Құлсарыда болған тасқын салдарын жою кезінде ерлікпен қаза тапқан Бейбарыс Рахымды бір минут үнсіздікпен еске алды. Оның есімі батырлық пен қызметіне адалдықтың нышаны ретінде есте сақталады. Бейбарыстың ерлігі құтқарушылар қызметінің құны кейде олардың өз өміріне парапар келетінін, мыңдаған адамның тыныштығы мен қауіпсіздігінің артында осындай қарапайым да ержүрек азаматтар тұрғанын паш етеді.

Облыс әкімі сала қызметкерлері мен ардагерлерді мерейтоймен және кәсіби мерекемен құттықтап, былай деді:
Бұрын өмір мен өлімнің арасында дәрігерлер тұр дейтінбіз, бүгінде ол саптан құтқарушылар да лайық орын алды. Мемлекет үшін ең бағалысы — адам өмірі. Құтқарушылар жайсыз күндерде, су тасқыны мен қамыс өрттері кезінде үй көрместен қызмет етіп, адамдардың өміріне араша түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біз жүрек қалауымен еңбек ететін адамдарға жағдай жасауымыз керек. Қатарларыңыз сиремесін! Жүктелген міндетті абыроймен орындап, лайым отбасыларыңызға есен-сау оралыңыздар!

Мерекелік салтанатта адал қызметі, жоғары кәсібилігі және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдағы өнегелі еңбегімен танылып жүрген үздік қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Бірқатар қызметкер мерзімінен бұрын арнайы атақтар иеленді.

Бүгінде Атырау облысында 17 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінде 900-ден астам қызметкер, 250-дей техника бар.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
С. Бөлек