Атырауда полиция қызметкерлері терроризмді насихаттаған қылмыстық топты ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
16 маусымда сағат 07:30 шамасында Атырау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Құрманғазы аудандық полиция бөлімі мен "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері терроризмді насихаттады деген күдікпен 39, 39, 35 және 33 жастағы төрт адамнан құралған қылмыстық топты ұстады.
Күдіктілер - Құрманғазы ауданының тұрғындары. Олар аудан жастарына теріс жат ағымның ілімін насихаттағаны үшін бақылауға алынған. Тұрғылықты мекенжайларын тексеру кезінде Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған діни әдебиеттер мен түрлі насихаттық жадынамалар, ұялы телефондар мен екі пышақ тәркіленді.
Қазір бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!