- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда суы тартылған...
Атырауда суы тартылған арнадан әлі де балықтар құтқарылып жатыр
Атырауда суы тартылған арнада қырылып жатқан балықтарды құтқару жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін облыс көлемінде 91 миллионнан аса шабақ құтқарылған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Өңірде тасқыннан кейін 90-нан аса каналдағы су тартылып, сазан, шортан, жайын мен алабұға шабақтары шалшықта қалған еді. Жаппай қырылған балықтарды еріктілер, әскерилер мен жергілікті кәсіпорын жұмысшылары құтқарып жатыр. Жиналған шабақтар Жайық пен Қиғаш өзендеріне жіберіліп жатыр. Ағыспен келген су маржандары Соколок пен Сарыөзек арналарының бойында көп қалған.
Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, қырылған балық бір тоннадан асады, ол санитарлық талапқа сай жойылып жатыр.
"Атырау облысы аумағында балық құтқару әлі жалғасып жатыр. Жайық-Каспий инспекциясының ұйымдастыруымен жергілікті атқарушы органдар және "АрнаулыАвтобаза" қызметкерлері, инспекцияға қарасты бөлім қызметкерлері және әскери бөлім сарбаздары бірлесіп, су арналары мен жайылымнан балықтарды құтқарып жатыр. Құтқарылған шабақтарды Жайық пен Қиғаш өзендеріне жіберіп жатыр", – дейді Жайық-Каспий облысаралық бассейн, балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашов.
Еске салайық, бұған дейін де Атырау облысында жаппай балық қырылып жатқаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова