Атырауда су тасқынынан кейін әлі де балықтар құтқарылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүзеге асыру барысында Атырау–Тандай - Х.Ерғалиев тасжолы маңындағы бөлшектенген су айдындарында балықтардың қырылу қаупі жөнінде ақпаратты анықтады.
Инспекция қызметкерлері жедел барып, Атырау облысының Бақсай ауылдық округі өкілдері және жергілікті ауыл тұрғындарымен бірлесіп, балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізді.
"120 000 дана балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді", - деп жазылған хабарламада.
2024 жылдың маусымынан бастап су айдындарынан 121 293 095 дана балық шабағы құтқарылды, оның ішінде Атырау облысында 95 043 095 дана, Батыс Қазақстан облысында 26 250 000 данасы құтқарылды.
Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз