Атырауда соқталдай азаматты жарымжан еткендер бостандықта жүр

Атырауда аяқ-қолы сау адамды мүгедек қылғандар жазадан жалтарып кетуі мүмкін. Жәбірленушінің туыстары "іс созбалаңға салынып кетті" дейді. Тіпті күдіктілер ұсталып, қамауға да алынбапты. Керісінше, атпалдай азаматты оңбай соққыға жыққандар ұрып-соқты деп бес полицейді де соттатып жіберген. Ал құзырлы органдар істі бір-біріне сілтеп қол қусырып отырған көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

43 жастағы Саламат Жексемали - қазір екінші топтағы мүгедек. Оны былтыр ақпан айында достары дүкен маңында ес-түссіз жатқан жерінен үйіне әкеліпті. Содан бері науқас ес жимаған, тілге де келмеген. Біраз уақыт ауруханада жатқан азаматтың денесінің сау-тамтығы қалмаған.

"Бірге отырған достарынан зәбір көрген. Таяқ жеген. Ұрған. Мүгедек болып қалды. Ол достары қазір бостандықта жүр. Оларды ешкім тергеп-тексеріп жатқан жоқ. Менің інімнің құқығы тапталып, мүгедек болып, дұрыс сөйлей де, жүре де алмайды. Осындай жағдайда отыр. Бір жыл болды, бұл істің қаралып, істің созылып жатқанына", - дейді Саламаттың әкпесі Нұргүл Жексемалиева

Саламаттың туыстары достарынан күдіктеніп отыр. Өйткені оған бірнеше дәдел де бар екен. "Ес-түссіз күйінде даладан тауып алдық" деген куәгерлер кейін басқаша айтыпты. 

Қазір соқталдай азаматты жарымжан еткендер бостандықта жүр. Өйткені күдікті тергеуде тәртіп сақшылары ұрып-соқты деп арыз жазып, бес полицей сотталып кеткен. Ал мүгедек болып қалған Саламат Жексемалидің туыстары бұл іс сол күйі қозғалмай тұр деп ашынады. Тіпті құзырлы органдардан жарытып жауап ала алмай жүргендер Атырау облыстық прокуратурасына барды, бірақ қадағалаушы орган өкілдері бұл жолы да түрлі сылтау айтып шығарып салған. 

"Бізде сотқа дейінгі тергеп-тексеру бекітілген. Ол бізде қазір сыбайлас жемқорылққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті. Қазір қылмыстық іс солардың өндірісінде, бірақ сізге қылмыстық іс бойынша нақты ақпарат керек болса, сауал жібересіз, облыс прокурорына немесе тергеу органына", - дейді Атырау облысы прокуратурасының басқарма бастығы Шыңғыс Нәсіпқали.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Саламат Жексемалиге қатысты іс 12 қаңтарда прокуратураға жолданған дейді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!