21 мамырда Атыраудағы "Салтанат сарайы" автотұрағына 200-ден аса көлік жиналды. Олардың көбі - Армения, Грузия және Ресей мемлекеттік нөмірлерімен жүрген көліктер. Жүргізушілер полиция өткізуі мүмкін рейдтер мен тексерістерді талқылау үшін бас қосқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Қалаға Қазақстанның өзге өңірлерінен қосымша полиция экипаждары келгеннен кейін жиналғандар қарасы көбейген. Жүргізушілер жаппай тексеріс пен салынуы мүмкін айыппұлға қарсылық білдірді.
Бұған дейін полиция қызметкерлері құжаттарды, сақтандыру полистерін, алғашқы көмек қобдишаларын, өртсөндіргіштерді, сондай-ақ, шетелдік тіркеудегі көліктерді тексерген болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл рейдтер жүргізушілер арасында үлкен резонанс тудырған.
Грузиялық нөмірі бар Toyota Camry 50 иесі Әділбек Табылдиев көлігін шамамен бес миллион теңгеге сатып алғанын айтты.
"Жылдар бойы алаңсыз айдап келдік. Енді шұғыл түрде сақтандыру жасату керек дейді, бірақ ол да құтқармайды деседі", - деді ол.
Кейбір жүргізушілердің пікірінше, Атырау үшін мұндай ауқымды рейдтер тым артық.
"Атырау үлкен қала емес. Мұндай шараның не қажеті бар? Әлде жергілікті полицияның күші жетпей жатыр ма?" - деді жүргізушілердің бірі.
Бейресми мәлімет бойынша Атырауда шетелдік нөмірі бар бес мыңнан аса көлік бар. Олардың басым бөлігі Грузия мен Арменияда тіркелген.
Жиналғандардың айтуынша, оқиға орнына полиция, әкімдік, прокуратура және ҰҚК қызметкерлері келген. Алайда кездесуге қатысушылардың сөзіне қарағанда, оларға ешқандай нақты түсініктеме берілмеген.
Атырау облысы Полиция департаменті мәліметінше, өңірде полицияның кешенді және қосымша күштерінің бірыңғай гарнизондық таратылымы өткен. Ресми нұсқа бойынша күшейту шаралары құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция бұл шара құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың құқықтық санасын арттыруға септігін тигізуге тиіс екенін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз