Төтенше жағдайлар министрлігі Атырауда Құлманов көшесіндегі Baizaar сауда ойын-сауық орталығы өртеніп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрліктің ақпаратынша, сауда орталығына келушілер эвакуацияланып жатыр. Желіде жарияланған видеоға қарағанда өрт ғимараттың шатырынан шыққан.
Кейінгі дерек бойынша барлығы 80 адам эвакуацияланған, оның 45-і балалар.
"Оқиға орнында штаб құрылды, өрт сөндіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, әзірге зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ", - деп хабарлады департамент.
Өрт сөндіруге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен жеке құрамның 90 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды.
Әлеуметтік желілерде ғимарат пен оның маңайындағы видеолар пайда болды.
Айта кетейік, кеше Қаскелеңде де тұрғын үйден өрт шығып, бір адам ауруханаға түскенін жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!