- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда полиция Instagram...
Атырауда полиция Instagram арқылы алаяқтық жасаған әйелді ұстады
Атырау облысында полиция қызметкерлері жақында қазақстандықтарды алдап, оларға тиімді несие алып беремін деп уәде еткен 21 жастағы Түркістан облысының тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті Instagram платформасын өзінің заңсыз әрекеттерін жүзеге асыру үшін қолданған. Ол әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, несие өтінімдерін "кепілдендірілген" түрде мақұлдау, сондай-ақ несие тарихын жақсарту қызметтерін ұсынған. Қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды несие тарихына қарамастан қаржы алуға мүмкіндік бар деп сендірген күдікті қызметі үшін әртүрлі сомада ақша аударуды талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін жәбірленушілермен барлық байланысты үзіп, ізін суытқан.
Алаяқтың арбауына түскен 16 азамат еліміздің әр аймағынан болғандықтан, оның ізіне түсіп, ұстау полицейлерге айтарлықтай қиындық туғызды. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті Түркістан облысында қолға түсті.
Қазіргі уақытта оның 16 алаяқтық қылмысқа қатысы бары дәлелденіп, жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі шамамен 1 миллион теңгені құрайды. Күдіктіге қатысты алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, іс сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан