Археологтар Сарайшық қалашығында қазба жұмыстарын жүргізу барысында Атыраудан 50 шақырым жерде орта ғасырларда салынған үйлерді тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.
Атырау облыстық өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Ерлан Тілекқабыловтың айтуынша, қазба жұмыстары 4 қыркүйекте басталған.
"Археологиялық қазба жұмыстары кезінде ортағасырлық үйлердің қабырғалары, тандыр пештері, қыш ыдыстар, сүйек бұйымдары және ортағасырлық монеталар табылды. Бүгінгі таңда 800 шаршы метр аумақта қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Тілекқабылов.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінен басқа экспедиция құрамына жұмыссыз ретінде есепте тұрған ауыл тұрғындары да бар.
"Барлығы - 30 адам. Болашақта олардың саны артады. Әзірге табылған артефактілер туралы ғылыми тұжырымдар жасалмады", - дейді ғылыми қызметкер.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!