Атырауда оқушылар БЖБ, ТЖБ-дан босатылады. Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің 10 сәуірдегі хаттамасына сәйкес су тасқыны болып жатқан аймақтардағы оқушылар бағалау, яғни БЖБ, ТЖБ-дан босатылады.
"БЖБ, ТЖБ болмаған жағдайда оқушылар күнделікті онлайн сабаққа қатысып, тапсырма орындау арқылы формативтік қалыптастырушы бағаларын ала алады. Облыс бойынша 149 мың оқушы бар. Олардың барлығы БЖБ және ТЖБ-дан босатылады", - деді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Сонымен қатар, су тасқыны болып жатқан аймақтардағы мұғалімдердің біліктілік санатын арттыруға арналған аттестациядан өту мерзімі тамызға шегерілді. Атырау облысы бойынша 9000-ға жуық мұғалім бар.
Еске салайық, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешімге 7 сәуірде қол қойған еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз