Атырауда оқушылар арасында қызылша тарап жатыр. Қазір қызылша ауруы анықталған үш оқушы оқшауланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасованың айтуынша, бұл оқушылар онлайн форматта білім алады.
"Жаңаталап ауылы Жамбыл атындағы орта мектебінің 5-сыныбынан 1 баладан, 3-сыныптан 2 оқушыдан қызылша ауруының белгілері анықталды. Осыған байланысты 3-сынып пен 5-сыныпты 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында қашықтан оқыту форматына көшіреміз деп шешім қабылдадық. Өйткені дизенфекция мен тазалық жұмыстары жүргізілуі керек", - деді Гүлнар Сәдуақасова.
Атырауда 2 наурыз 24 сәуір аралығында алғашқы белгілері қызылшаға ұқсас күдікті 15 жағдай тіркелген.
Қазір науқастармен қарым-қатынаста болған 216 адам медициналық бақылауға алынған.
Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың сөзінше, 7 адамға қызылшаға қарсы вакцина салынған.
"Алты оқушыдан қызылша ауруы зертханалық жолмен дәлелденді. 4 жағдай бойынша зертханалық тексеріс қорытындысы теріс нәтиже берді. 5 жағдайға байланысты зерттеу жүргізіліп жатыр", - деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!