Атырауда оқушы мектепке пышақ ұстап келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Басылым дерегінше, 21 қазанда №14 мектепте алтыншы сынып оқушылары арасында келіспеушілік туындаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша оқушылардың бірі мектепке пышақ әкеліп, өзін мазақтағандарды қорқытқан. Ол өзін қорғау үшін қарсы шығып, мектепке пышақ әкеліп, ренжіткен балаларға көрсеткен", - деп жазылған мәліметте.
Оқушылар бұл туралы мұғалімге айтқан. Ұстаз полиция мен оқиғаға қатысушылардың ата-анасын шақырған.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі алтыншы сынып оқушылары арасында жанжал шыққанын және оқушылардың бірінде пышақ болғанын растаған. Ал пышақтасу туралы тараған қауесетті жоққа шығарған.
ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, жағдайға дер кезінде мән беріліп, ешкім пышақ жарақатын алмаған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова