Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан Нигерия азаматы ұсталды, - деп хабарлайды ATPress.kz. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеген.
Атырауда Нигерия Федералдық Республикасының азаматы синтетикалық есірткі заттарын сақтау және тасымалдаумен айналысқан. 1998 жылы туған ер адамды Атырау ОПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жүргізген "Қарасора-2022" жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтап, ұстаған.
Shevrolet cruze маркалы автокөлігін тінту кезінде әрқайсысы салмағы шамамен 1 грамм болатын таспаға оралған 5 дана полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 5 грамм "мефедрон" синтетикалық есірткісі екендігі анықталған. Бүгінде күдікті Атырау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.