Атырауда 1 жасқа толмаған нәрестенің бетін тіліп хиджама жасағандарға айыппұл салынды. Бұл - облыстық прокуратура мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген тексеріс нәтижесі, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың айтуынша, орталықтың жұмысында заң бұзылған. Еске салайық, осыдан екі апта бұрын Атырау қаласында нәрестенің бетін тіліп, ем жасаған видео әлеуметтік желіге тарап, көптің талқысына түскен еді. Желі қолданушылары бұл әрекетті қатаң сынап шағымданған соң, Денсаулық сақтау министрлігі орталықтың жұмысын тексеруге тапсырма берген болатын.
"Заң бұзу дерегі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылды. Тексеру материалдары Атырау облыстық прокуратурасына және полиция департаментіне жолданды. Рұқсат және хабарламалар туралы ҚР заңнамасына сәйкес, хиджама медициналық лицензиялауға жатпайтын қызмет түрі болып есептеледі", - деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы Динара Қуанова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!