Атырауда мұқтаж отбасыларға тегін киім үлестіретін әлеуметтік дүкен ашылды, дүкен Нұрсая ықшамауданындағы №57 үйде орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік дүкен мұқтаж адамдар ғана көмек ала алады. Оның өзінде жобаны қолға алғандар мұқтаждарды үш санат бойынша анықтап отыр.
"Біздің дүкенімізден көп балалы отбасылар, ерекше бала тәрбиелеп отырған және асыраушысынан айрылған жанұялар керек-жарағын тегін ала алады. Ол үшін дүкен қызметкерлеріне тиісті құжаттарды көрсету жеткілікті. Дүкеннен киім-кешекпен бірге, аяқ киімдер алуға болады", - дейді жобасы жетекшісі Рысты Жексенбаева.
Белгілі болғанындай, әлеуметтік дүкеннің дамуына кез-келген адам атсалыса алады. Яғни, шкафтарда ұзақ жатып қалған киімдерге «екінші өмір» беру арқылы, шын мұқтаждарға қуаныш сыйлауға болады.
"Киімдер химиялық тазалаудан өтеді. Сұрыпталады. Біз бүтін, таза киімдерді ғана мұқтаждарға ұсынамыз", - дейді жоба жетекшісі Рысты Жексенбаева.
Әлеуметтік дүкен күнделікті 10.00-19.00 аралығында қызмет көрсетеді.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!