Атырауда жоғалып кеткен 15 жастағы оқушы табылды. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық Полиция департаменті қыз аман-есен табылғанын хабарлады.
"24 ақпанда кешке Атырау тұрғыны полицияға хабарласып, 15 жастағы қызы бірнеше сағат бұрын үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, оралмағанын айтты. Полиция қызметкерлері дереу іздестірді. Қабылданған шаралар нәтижесінде оқушының жүрген жері анықталды", - деді Атырау облысы ПД өкілі.
Кәмелетке толмаған қыз ата-анасына тапсырылған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін БАҚ-та Атырауда 15 жастағы оқушы Інжумаржан Қуанышқызына іздеу жарияланғаны хабарланды. Оқушының анасы Ғалия Тұяққалиева оқу жылының басында қызын жаңа мектепке орналастырғанын айтты. Кейін оқушы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары арасында түсініспеушілік туындаған. Қыздың анасының сөзінше, сыныпта қызына қарсы түсініктеме жинала бастаған. Әйел бұл жағдай бойынша e-Otinish порталына шағым жолдаған.
Әйелдің айтуынша, 19 ақпанда оған мектептен қоңырау шалған, алайда жұмыста болғандықтан бірден жауап бере алмаған. Келесі күні мектепке барған кезде оған оқушылардың түсініктемелері көрсетіліп, қызының құжаттарын алып кетуі қажет екені айтылған. Осыдан соң қыз үйіне барған, бірақ біраз уақыттан кейін қайтадан пәтерден шығып кетіп, оралмаған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!