• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Атырауда мектепте мұғалімге жарылыс болатыны туралы хабарлама келіп, 80 миллион теңге талап еткен

Атырауда мектепте мұғалімге жарылыс болатыны туралы хабарлама келіп, 80 миллион теңге талап еткен
Фото: depositphotos.com

Атыраудағы №3 мектеп-гимназиясының мұғаліміне жарылыс болатыны туралы хабарлама келіп, 80 миллион теңге талап еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақжайыққа" сілтеме жасап.

Ұстаздың шақыртуына полиция қызметкерлері барған. Олар мектепті толық тексеріп, ешқандай жарылғыш зат таппады.

Атырау облыстық білім басқармасы қазіргі уақытта мектептің екінші ауысым оқушылары қалыпты режимде білім алып жатқанын жеткізді.

6 ақпан күні сағат 11:30 шамасында Атырау қаласы білім бөлімінің №3 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғаліміне коды +380 деп басталатын шетелдік ұялы телефон нөмірінен орыс тілінде хабарлама келген. Онда сағат 14:00-де мектепте жарылыс болатыны туралы жалған ақпарат берілген. Сонымен қатар хабарлама жіберуші 80 миллион теңге талап етіп, өзінің банк картасының нөмірін қалдырған. Хабарлама түскен сәтте, бірден 102 нөміріне қоңырау шалынған.

"Қазіргі уақытта ахуал тұрақты, оқу процесі қалыпты жағдайда жалғасып жатыр. Жағдай облыстық білім басқармасының бақылауында", - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы бір мектепті полиция қоршап алғанын жазған болатынбыз. №3 мектептің оқушыларын мектеп әкімшілігі сабақтан шұғыл ертерек босатқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget