Атырауда апатты жағдайдағы жатақхана тұрғындары шу шығарды. Себебі медицина саласының ардагерлері тұратын ғимарат құлағалы тұр. Сондықтан жергілікті билік бірнеше жыл бұрын мұндағы жұртты басқа жаққа көшіреміз деп уәде берген екен. Бірақ сол уәде әлі орындалмаған. Кезінде ақ халаттыларға берілген жатақхананың қазіргі күйі адам шошырлық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл жатақхана 1990 жылы медицина саласы мамандарына берілген. Қазір ғимараттың тоз-тозы шыққан. Жертөлесі суға лық толы. Қолқаны қабатын сасық иіс қысы-жазы кетпейтін көрінеді.
"Осы медицина саласында 46 жыл жұмыс істеп, осы үйді берген. Қазіргі жағдайы өте нашар. Қаншама бала уланып қалды, қаншама адам зардап шегіп жатыр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан әкімдіктен жақсы бір үйден үй беруін талап етеміз. Еш жағдай жоқ, ішіне кіріп қарауларыңызға болады. Қабырғалары құлап жатыр", - дейді зейнеткер Мәрзия Қабдулова.
"Мен қырық жыл медицина саласының ыстығына да, суығына да көніп жұмыс жасаған адаммын. Қазір зейнеткермін. Осында тұратынның көбі дәрігер. Жағдаймыздың осындай мүшкіл болғанына байланысты біз жаңа орын сұрап барлық жерге бардық. Уәделерінде тұрған жоқ", - дейді зейнеткер Балым Садығұлова.
Тоз-тозы шыққан жатақхананы паналап отырғандардың сөзінше, шенеуніктер жыл сайын уәде етеді екен. Апаттық деп танылғанына да біраз жыл болған. 13 шаршы метрлік қуықтай бір бөлмені бір отбасы паналап отыр. Төрт бөлмеге ортақ бір дәретхана. Жуынатын жерлері де жоқ. Мұндағы тұрғындар үреймен өмір сүріп жатыр. Тоқ желілері түгелдей істен шыққан. Дәл осы пәтерден өрт шығып, қазір төртінші, бесінші қабаттағы 8 отбасы баспанасыз қаңғып қалған.
Сұлтан Өтепбергеннің осыдан бір ай бұрын жатахқанадағы бөлмесі өртенген. Он екі жасар қызымен жалында қалып, екеуін де күйік шалған.
"Осы 31 шілдеде лезде өрт шығып, үйім, жинаған дүние-мүлкім, құжатым, ақшам бәрі жанып кетті. Сол өрттің ішінде қызым екеуміз қалып қойдық. Өзім ауруханаға түсіп, қызымның беті-аузы күйіп, зардап шекті", - дейді Сұлтан Өтепберген.
Ал шенеуніктер жатақхана тұрғындарына бере салатын дайын үй жоқ дейді. Жаңа баспаналар салынып бітсе көшіруді бастаймыз деп отыр. Алайда бірнеше жылдан бері тұралап тұрған жаңа баспаналардың құрылысы қашан аяқталатынын айта алмады.
"Қазіргі таңда бізде Талқайран, Береке ықшамаудандарында үй құрылысы жүріп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр. Сол жоспарға сәйкес тұрғын үйлер аяқталған уақытта бұл Владимирский 99 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындарын сол мезгілде көшіру жоспарланып отыр", - дейді Атырау қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мереке Зинуллин.
Оған дейін медицина саласының майталмандары қыста жылуы, жазда жарығы жоқ жатақхананы паналауға мәжбүр. Себебі зейнеткерлердің басқа барар жері жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!