Атырауда құтқарушының немқұрайлығынан 10 жастағы қыз суға батып кетті

Атырауда құтқарушының немқұрайлығынан 10 жастағы қыз суға батып кетті
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Атырауда "Мұнайшы" бассейніне батып кеткен қыздың өліміне қатысты сот шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық соттың хабарламасына сілтеме жасап.

Биыл жазда "Мұнайшы" орталық бассейніне 10 жастағы қыз батып кетті. Сот процестік келісім аясында абайсызда баланың өліміне әкеп соққан қылмыскерге үкім шығарды.

Қылмыстық іс кодекстің 306-бабы 3-бөлігі - "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету" бойынша қаралды.

"Мұнайшы" спорт кешенінің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік талаптарын орындамай, 10 жастағы қызды ересектерге арналған бассейннің залына жіберген. Онда ол бассейннің тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті бөлігінде жүзген, қыз бассейнге батып кеткен. Құтқарушының абайсыздығы мен шұғыл көмек көрсету кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауы абайсызда қыздың өліміне әкеп соқты", - делінген қалалық соттың қаулысында. 

Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталды. Жәбірленуші тарап келісімшарттарымен келісті.

"Үкім қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін барлық мән-жай ескеріле отырып, келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды", - деді Атырау қаласының №2 соты.

Сотталушы Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек