Атырауда концерт залы мен монша қирап жатыр. Басталғанына екі ай болған жалпы құрылыс жұмыстарының 25 пайызы аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Бұл жұмыстармен айналысып жатырған "ARSM" ЖШС бөлшектеу жұмыстарын осы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, "ARSM" ЖШС директоры Абылайхан Ғазизовтың айтуынша, демонтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен.
"Бұл ғимаратты бұзу кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазіргі таңда монша-сауықтыру кешені ғимаратының 50 пайызы бұзылып бітті. Ал концерт залының сыртындағы күмбезі алынды, жоғарыдағы металь конструкторы бұзылуда. Одан кейін бетонды қабырғасын алу үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар келеді, себебі бұл құрылысы бірнеше жылға тоқтап қалған ғимарат болғандықтан аздаған қиындықтар туғызады. Кейін фундаментін аламыз. Құрылыс аймағында 20-ға жуық адам және 2 кран, 2 тиегіш, 3 камаз бен 2 длинномер жұмыс істеп жатыр", - деді Абылайхан Ғазизов.
Нұрсая шағын ауданындағы бұзылып жатырған концерт залы мен моншаның жер телімдерін біріктіріп, орнына "1200 орындық концерт залының және тарихи-өлкетану мұражайы" ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталды.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі бұрынғы ғимаратты бұзу, қазіргі таңда демонтаж жұмыстары жүріп жатыр.Екінші кезеңі жаңа ғимаратты жобалау, бұл жұмыстарға "Engineering Center Ltd" жауапты. Мекеме өкілдерінің айтуынша жобалау жұмыстары жылдың үшінші тоқсанында аяқталады.
Сондай-ақ жаңа концерт залы мен көрменің ортасында қазақтың ұлттық аспабы домбыраның пішінінде ғимарат салынады.Оның жоғарғы қабатына қала тұрғындары мен қонақтары шығып, шаһарды биіктен тамашалай алады.
Жоба бойынша бірінші қабатта концерт залы мен мұражайдың фойесі, бақылау палубасына кіру, екі киім-кешек бөлмесі, екі қойма және үлкен конференц залы болады. Сондай-ақ, әр блокта әкімшілік және көмекші кабинеттер қарастырылған. Екінші қабатта 1200 орындық концерт залы, мұражай экспозициясы, қойма бөлмелері және кіші конференц залы болады. Сондай-ақ, залдардың әрқайсысына өнерпаздар үшін киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Үлкен залда музыканттарға арналған және сахналық қойылымды сүйемелдеу үшін оркестр отыратын орын болады. Бұдан бөлек ғимаратта екі көлік тұрағы салынады. Балалар үшін хореография залы мен музыкалық студиялар жұмыс істейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!