Атырауда әйел туыстарының үйінен 3,7 млн теңгенің алтынын ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, Атыраудың 23 жастағы тұрғыны күйеуінің отбасымен бір үйде тұрып жатып, екі айдан аса уақыт бойы қайын сіңілісі мен абысынына тиесілі алтын бұйымдарды біртіндеп ұрлап, ломбардқа тапсырған.
Ұрланған заттардың арасында сырғалар, жүзіктер мен алқалар бар. Екі жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі - шамамен 3,7 млн теңге. Әйел сотта түскен ақшаны өз қажетіне жұмсағанын мойындаған.
Туыстары алтын жоғалғанын бірден байқамаған. Алғашында олар үйге ұры түсті деп ойлап, тіпті бұл мәселені отбасылық чатта талқылаған. Кейінірек әшекейлер жоғалуына өз келіндерінің қатысы бар екені белгілі болған.
Әйел сотта кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Жәбірленушілердің бірінің сөзінше, ұрланған 13 әшекейдің алтауы ғана қайтарылған, оның кейбіреуі бүлінген. Қалған алтындар әлі табылмаған.
Сот әйелді ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, сот одан жәбірленушілердің бірінің пайдасына 2,7 млн теңгеден аса материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова