Атыраудағы Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі балабақша жоспар бойынша осыдан 2 жыл бұрын аяқталуға тиіс еді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылысы 2019 жылы басталған нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмей жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәселеге жергілікті мәслихаттың депутаттары араласқанымен, әзірге жағдай өзгерер емес.
"Біз бұл нысанға бұған дейін де келдік. Ол кезде құрылыс 2 айда толық бітеді деп шығарып салды. Қыркүйектің аяғында құрылыс алаңына тағы келеміз. Егер ол кезде құрылыс процесінде өзгеріс болмаса, жергілікті органға компаниямен арадағы келісім-шартты бұзу туралы ұсыныс береміз", - дейді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Жеңіл Әбілкарес.
Бір қызығы, құрылыс жұмысын сағыздай созып отырған мердігер мекеме - "Serpin 2030" серіктестігі. Ол қаладағы бір емес, тоғыз бірдей балабақшаның құрылысына жауапты.
Компания өкілі Айбек Темірешовтің айтуынша, құрылыстың кешеуілдеуіне пандемия кінәлі.
"Пандемия басталды, салдарынан тасымалмен алдырылатын құрылыс материалдары кешеуілдеді", - дейді Айбек Темірешов.
Жауаптылар пандемияны кінәлап жүрген кезде Атырауда 1-6 жас аралығындағы 14 809 бүлдіршін балабақшаға кезегін күтіп жүр. Ал ата-аналар арасында жекеменшіктен гөрі, мемлекеттік балабақшаларға сұраныс жоғары болып тұр.
Баян Жанұзақова
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!