Атырауда "Дорожный контроль" порталының тілшісі Олеся Вертинскаяны өз үйінің жанында ұрып кетті, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Оқиға 19 шілдеде таңертең Жұмыскер шағынауданындағы Муталиев көшесінде болған. "Әділ сөз" халықаралық қорының мәліметінше, журналистке бейтаныс ер адам жақындаған. Алғашында көмек сұрап жүгінген ол, кейін әйелдің бетінен ұрып, оның құлағанына қарамай аяқпен тепкілей берген. Олесяны кездейсоқ өтіп бара жатқан адам құтқарып қалған. Ауруханада оған мұрны сынған деген диагноз қояды.
"Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тергеу амалдары басталды. Басқа мәліметтер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды", - делінген Атырау облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Асқар Умаров Facebook-те журналистің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді.
"Еліміздің Конституциясының 20-бабы сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген жолмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Журналистің заңды кәсіби қызметіне араласуға жол берілмейді!
Құқық қорғау органдары журналист О.Вертинскаяға жасалған шабуыл мен қоқан-лоқы дерегіне байланысты қылмыскерді тауып, оған қатысты тиісті шараларды қабылдайтынына сенімдімін.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде О.Вертинскаяның құқығы мен бостандығына қысым көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету және оған жол бермеу мақсатында оқиғалардың барысын мұқият қадағалайтын болады.
Жалпы, біз журналистерді кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорқыту және оларға шабуыл жасау әрекеттерін қолайсыз деп санаймыз. Әріптесіміз Олесяның тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деп жазды министр.