Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, Мемлекеттік Әнұранның авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай Атырауда кең көлемді мәдени шара өтіп жатыр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өз сөзінде:
"Жұмекен Нәжімеденов - қазақ руханиятының темірқазығы, тәуелсіздігіміздің символына айналған Әнұранның авторларының бірі. Бүгінгі шара - жас ұрпаққа рухани мұра қалдырған тұлғаны ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің нақты үлгісі", - деп атап өтті.
Шараға жиналған атыраулықтар еліміздің көк туы мен ақынның бейнесі бейнеленген ерекше мозайканы тамашалап, жергілікті және эстрада жұлдыздарының орындауындағы әсерлі әндерді тыңдап жатыр.
Жұлдыздар қатарында Айгүл Үлкенбаева, Нұрлан мен Мұрат, Бейбіт Кушкалиев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған, "Заман" тобы, Baitanat және өзге де өнер иелері бар. Олардың орындауындағы туындылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында Жұмекеннің өлеңдерінен театрландырылған көріністер қойылып, ақын шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсетілді. Сахна төрінде жас өнерпаздар поэзия оқу арқылы ақын рухына құрмет көрсетті.
"Мұнайшы" стадионына жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Бұл - ұлт руханиятының ұлы тұлғасына деген құрмет пен елдік бірліктің айқын көрінісі. Кеш соңында аспанды отшашу жарықтандырып, жұртшылық ұзақ қол шапалақтап, ақын рухына тағзым етті.
Атырау облысы әкімдігі ұсынған материал