Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе? Ғалым жауап берді

"Атырау сейсмикалық аймаққа жатпайды. Дегенмен, Атырауда техногендік сипаттағы жер сілкінісі болуы мүмкін" деп хабарлайды Massaget.kz ​ тілшісі.

​ Атыраулық эколог ғалым Нұргүл Имамұратованың айтуынша, техногендік сипаттағы жер сілкінісі мұнай алу, бұрғылау салдарынан орын алуы мүмкін.

"Атырау – мұнайлы аймақ. Мұнай алу кезінде бұрғылау жұмыстары белгіленген мөлшерден тыс ​ асып кететін болса және алынған мұнайдың орны сумен толтырылмаса, жер сілкінісі болуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Сейсмология институтының деректері бойынша, Каспий теңізінің акваториясын қоса алғанда, Атырау облысының аумағы магнитудасы 6 балл болатын жер сілкіністерінің ықтимал көріністері бар жер қыртысының учаскелеріне жатқызылып отыр. Сондықтан, Атыраумен бірге, Маңғыстау өңірінде де геодинамикалық тексеріс жүргізілуі керек" дейді эколог ғалым.

​ Бұған дейін белгілі академик ғалым Муфтах Дияров дабыл қаққан еді. Бүгінде марқұм болған ғалым алынған мұнайдан босаған орынға ​ су немесе газдың айдалмауы - ​ жер қойнауының статикалық күйінің ​ бұзылуына әкелгенін жазған болатын.

Жуырда ғана Атырау-Маңғыстау шекарасында 4,9 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер астындағы дүмпуді Volcanodiscovery сайты тіркеді.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!