- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда жер сілкінуі...
Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе? Ғалым жауап берді
"Атырау сейсмикалық аймаққа жатпайды. Дегенмен, Атырауда техногендік сипаттағы жер сілкінісі болуы мүмкін" деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атыраулық эколог ғалым Нұргүл Имамұратованың айтуынша, техногендік сипаттағы жер сілкінісі мұнай алу, бұрғылау салдарынан орын алуы мүмкін.
"Атырау – мұнайлы аймақ. Мұнай алу кезінде бұрғылау жұмыстары белгіленген мөлшерден тыс асып кететін болса және алынған мұнайдың орны сумен толтырылмаса, жер сілкінісі болуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Сейсмология институтының деректері бойынша, Каспий теңізінің акваториясын қоса алғанда, Атырау облысының аумағы магнитудасы 6 балл болатын жер сілкіністерінің ықтимал көріністері бар жер қыртысының учаскелеріне жатқызылып отыр. Сондықтан, Атыраумен бірге, Маңғыстау өңірінде де геодинамикалық тексеріс жүргізілуі керек" дейді эколог ғалым.
Бұған дейін белгілі академик ғалым Муфтах Дияров дабыл қаққан еді. Бүгінде марқұм болған ғалым алынған мұнайдан босаған орынға су немесе газдың айдалмауы - жер қойнауының статикалық күйінің бұзылуына әкелгенін жазған болатын.
Жуырда ғана Атырау-Маңғыстау шекарасында 4,9 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер астындағы дүмпуді Volcanodiscovery сайты тіркеді.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы