Атырауда игерілмей жатқан 210 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылады

210 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Ауыл шарушалығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлзия Құрманова мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Ел Президенті бұған дейін республика бойынша ауылшаруашылық мақсатына беріліп, игерілмей отырған жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы тапсырма бергені белгілі. Өткен жылы Атырау өңірі бойынша 200 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланған болатын. Былтыр 185 жер учаскесі қайтарылды. Олардың жалпы көлемі – 206209,90 гектарды құрайды. Қайтарылған учаскелер кезінде егістік, жайылымдық және басқа да мақсатта берілгендер.

Биыл облыс бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарлануда,- деді Г.Құрманова.

Атырау облысында жайылымдық жер мәселесі өткір тұр. Қарапайым ауыл тұрғындары мал бағатын жер таба алмай қиналуда. Мәселен, бұған дейін Индер ауданына қарасты Өрлік ауылының тұрғындары жайылымдық жер тапшылығына байланысты митингке шыққан болатын.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!