Атырауда ғаламтор арқылы сатылатын есірткі қылмысы өршіп барады

Атырауда ғаламтор арқылы сатылатын есірткі қылмысы өршіп барады
Фото: egemen.kz

Полицейлер интернет арқылы жасалатын есірткі саудасының етек жаюына байланысты ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар жетіспей жатқанын айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жыл басынан бері Атырау облысында есірткі саудасына қатысты 45 қылмыстық іс тіркелген.

"Нәтижесінде соңғы бес айда заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келі тартатын есірткі заты тәркіленді. Нашақорлық заттарды жарнамалайтын 15 сайт анықталып, бұғаттауға жолданды. "Тромодол" есірткі қатарына енгізілгенімен, дәріханалық нашақорлыққа жататын препараттардың өзге түрлері пайда болды. Сондықтан, мамандар күдікке ілінген адамның ағзасынан дәрілік есірткіні анықтау мүмкін болмай отырғанына шағымдануда. Сол үшін синтетикалық есірткінің жаңа түрін анықтайтын заманауи құрылғы қажет" дейді облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов.

Мамандардың айтуынша, заңсыз есірткі тасымалымен айналысуға шақыратын жабық телеграм каналдар көбейген.

"Тәжірибесіз, бірақ, көп ақша төлейтін жұмысқа шақырамыз, ештеңені білудің керегі жоқ" деген бағыттағы жымысқы жарнамаларға елітіп жатқандар аз болмай тұр.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы