Атырауда "Шаңырақ" деп аталатын еріктілер тобы қалдықты сұрыптап тапсыратын экоорталық ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экопунктке тұрғындар тұрмыстық қалдықтар тапсырып, тіпті сол арқылы ақша таба алады. Еріктілердің айтуынша, қоғамдық жобаны қаржыландыруға қарапайым қала тұрғындары, отандық және шетелдік компаниялар атсалысқан.
"Біздің мақсатымыз - Атыраудың тазалығын сақтау. Сол себепті қала тұрғындарын, әсіресе, жастар мен балаларды экологияны жақсартуға үлес қосуға үндеу. Бұл жерде макулатура, пластик, шыны бөтелке, металл қалдықтары қабылданады. Мысалы, адам бір келі макулатура тапсыратын болса, әр келісіне 35 теңге пайда таба алады. Металл қалдықтарының келісіне 70 теңгеден бастап ақша төленеді. Яғни, қайта өңделетін әр қалдық түрлеріне бекітілген баға бар. Экопунктте арнайы оператор отырады, ол әр бокске түрлі қалдықтарды қабылдау жұмыстарын үйлестіреді", - дейді ерікті Мейрамгүл Дінғазиева.
Экопунктке қабылданған қалдықтар қайта өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Қазірдің өзінде макулатураларды Атыраудағы дәретхана қағазын шығаратын цех қабылдауға дайын.
"Шымкенттегі зауыт пластик, Алматы қаласындағы зауыт шыны қалдықтарын қабылдауға дайын. Сұрыпталып жиналған қалдықтарды өңдеуші зауыттарға жұмыстарын үйлестіруді "Эко даму" компаниясы жауапкершілігіне алып отыр", - дейді ерікті Мейрамгүл Дінғазиева.
Экопункт Атырау қаласындағы Алмагүл ықшамауданы, 26 мекенжайда орналасқан.
Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 миллиард тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбеймесе, азаймағаны белгілі. Сол қоқыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Сондықтан қоқыс сұрыптау мәдениетін өзімізден бастамасақ, әуелі өзіміздің кейіннен келер ұрпақтың денсаулығына қатер көп. Атырау облысы территориясында шамамен 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!