Атырауда 29 жастағы әйел алтыншы баласын жедел жәрдем жеткенше өз үйінде босанып қалды. Ана мен бала аман. Кешігіп жеткен жедел жәрдем оларды перзентханаға жеткізіпті. Бүгін Атырауда екі әйел дәл осындай жағдайда үйде босаныпты. Өйткені жедел жәрдем тағы да уақытында жетпеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Қабылдаған диспетчерлердің сылбырлығы деп ойлаймын. Мен ол кісілерге аты-жөні мен диагнозын толық айтқан кезде қайталап кері сұрап, одан кейін жасын, тағы да басқа қосымша ақпарат сұрап жатыр. Жедел түрде, бала шығып жатыр дегеннен кейін. Білмеймін, жедел жәрдем дереу қабылдау керек деп ойлаймын. Мекенжайды беріп тұрмын. Егер жалған ақпар берсем, онда заңға тартуына болады", - дейді Мереке Құмаров.
Әйелін өзі босандырып алған тұрғын жедел жәрдем қызметіне наразы. 103 операторлары бірнеше минут бойы түрлі сұрақ қойып, еш асықпапты. "Амалсыз кинодан көргенімді, бар білгенімді жасадым" дейді ол. Осылайша, алтыншы сәбиі өз отбасында шыр етіп дүниеге келіпті.
Ал жедел жәрдем станциясының басшылары әйелдердің үйде босануы дүрбелең жасайтын дүние емес деп отыр. Тіпті Еуропа тәжірибесінен мысал келтірген директор медицина мамандары "санатқа сай, уақытымен барды" дейді.
"Бұл физиологияда қалыпты жағдай болып есептеледі. Сіз сияқты дүрбелең жасайтын патология емес. Бізде бес минутта жетіп келу керек. Ондай не емес. Бізде шақырту санаттары бар. Бірінші, екінші, үшінші, төртінші. Сол бойынша жедел жәрлем уақытында барған. Мен ешқандай кешігуді көріп тұрған жоқпын", - дейді Атырау облысы жедел жәрдем станциясының директоры Азамат Ерболов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!