- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда ер адам...
Атырауда ер адам 11 жастағы қызын намаз оқыту үшін соққыға жыққан
Атырауда әкесі ұрып-соғып, намаз оқуға мәжбүрлеген 11 жастағы қыз полицияға жүгінді, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, әкесінен зәбір көріп, үйінен қашып кеткен жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Бұл туралы өзін бейімдеу орталығының қызметкерімін деп таныстырған Дильназ Әділжанқызы әлеуметтік желіге жазған. Оның айтуынша, 11 жастағы қыздың анасы түрмеге түскен. Бостандыққа шыққан соң балаларынан бас тартып, отбасынан кетіп қалған.
"Былтыр жасөспірім әжесінен ауруханаға апаруды өтінген. Аурухана дәрігерлері жасөспірімнің денесінен жарақатты, көгерген жерді байқап, қабырғасы сынғанын анықтаған. Ол кезде бала дәрігерлерге ештеңе айтпаған. Ал биылғы қаңтарда сыныптасының әкесінен көмек сұраған. Ол жасөспірімді полицияға жеткізген. Полиция қызметкерлері әкесінен қорлық көрген қызды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды", -дейді Дильназ Әділжанқызы Facebook-парақшасында.
Қазір психологтар жасөспіріммен жұмыс істеп жатыр. Ал полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтыны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова