Атырауда ота кезінде хирургтар науқастан салмағы 15 кило болатын ісікті алып тастады. Бұл туралы inform.kz жазды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, күрделі отаны облыстық кардиологиялық орталықтың қан тамыр хирургтарымен бірге онкологтар жасаған. 59 жастағы ер адамнан салмағы 15 кило болатын қатерлі ісік алынды.
Атырау облысындағы онкологиялық диспансердің директоры Эльмира Сапарованың айтуынша, ота жасалғанына 10 күн болыпты. Қазір науқас тиісті ем қабылдап жатыр.
"Науқасқа екі жыл бұрын ретроперитонеальды саркома диагнозы қойылған. Ота кезінде сыртқы мықын артериясын және сол жақта несепағардың төменгі үштен бір бөлігін анастомоздар арқылы резекциялау арқылы салмағы 15 кило болатын үлкен ісік алынды. Бұл күрделі отаны хирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Шәмшенов пен Атырау облыстық кардиологиялық орталығының қан тамырлары хирургі Ерлан Мәдешев жасады", — дейді Эльмира Сапарова.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің дәрігерлері қыздың миынан алып құрт алған болатын.