- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда бұралқы иттермен...
Атырауда бұралқы иттермен айналысатын компанияның жұмысы күмән тудырды
Атыраудағы зоожанашырлар бұралқы итттермен айналысатын компанияның жұмысына күдіктенді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Статистикалық есепке жүгінсек, жыл басынан бері қарай облыс орталығында 6 мыңға тарта бұралқы ит ауланып, оның 95 пайызы қоршаған ортаға қауіпті делініп, көзі жойылған. Бірақ белсенділер бұл бюджет қаражатын игеру үшін жасалған көзбояушылық деп отыр. Себебі олар "биыл бөлінген 76 миллион теңгеге жуық сомаға бұралқы иттерге арналған питомник салуға немесе оларды залалсыздандырып, үйренген ортасына жіберуге болар еді", - дейді.
Өткен 7 айда облыс орталығында 6 мыңға жуық бұралқы ит ауланып, олардың басым бөлігінің көзі жойылған. Оны қалалық ветеринария станциясының мамандары растап отыр. Жалпы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ит-мысықты жоюмен мердігер мекемелер айналысып келді. Былтыр олар 48 мың 500 теңгенің жұмысын атқарғаны туралы ақпарат бар. Бұл сома биыл 76 миллион теңгеге жетіпті.
"Қаңғыбас иттерді аулау және жою бойынша жұмыстар басталып кетті. Нәтижесінде, барлығы 5912 ит ауланып, соның ішінде 200 итке стерилизация жасалып, кері ортаға қауіпсіз аймақтарға жіберілді. 5712 ит жойылды", - деді қалалық ветеринария стансасының бас маманы Аида Әбдірахман.
Ал атыраулық зоожанашырлар ақшаның дұрыс жұмсалғанына күмәнмен қарайды. Сондықтан игерілген қаражат пен атқарылған жұмыстың қорытындысын талап етіп отыр.
"Бұл шындыққа жанаспайды. Себебі 7 айда 6 мың итті жою үшін олар күніне 40-50 итті аулауға тиіс. Өткен мамыр айында бұралқы жан-жануарға арналған питомникті аралап көрдік. Оның бейнежазбасы да сақтаулы. Сонда байқағаным, ол жерде 40 итті ұстауға мүлде мүмкіндік жоқ. Сонда оларды қайда жібереді?" - деді қоғам белсендісі Юлия Ефремова.
Атырау қалалық ветеринария стансасының мамандары "мердігер мекеменің жұмысына араласа алмаймыз, ал құжаттарында ешқандай қайшылық жоқ" дегенді айтады. Дегенмен жыл сайын қомақты қаражат бөлінетін шараның нәтижесі күмәнді болып тұр. Сондықтан зоожанашылар болашақта бұралқы ит-мысықтарды жоюдан гөрі оларды залалсыздандырып, үйренген ортасына қосуды талап етіп отыр.
Қалалық ветеринариялық станцияның мәліметінше, Атырау қаласының маңайында күні бүгін 10 мыңнан аса бұралқы ит бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова