Атырауда ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы жеке кәсіпкерлік директорынан бірнеше рет пара алған. Шенеунік сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 7,5 жылға сотталды. Ал онымен сыбайлас болған инспекторларға ірі мөлшерде айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау қалалық сотына сілтеме жасап.
Атырау қаласының №2 сотында сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралды:
Облыс бойынша Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға бола тұра, бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге және жалпы қамқорлығы үшін ШҚ басшысынан 500 мың теңге пара алған.
Облыс бойынша Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға бола тұра, БҚО инспекциясының бас маманымен және ветеринарлық инспекторымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған.
Өз кезегінде БҚО инспекциясының бас маманы және ветеринарлық инспекторы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар бола тұра, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында жалпы қамқорлығы үшін ЖК директорынан 1,8 млн теңге пара алған.
ЖК директоры және ШҚ басшысы ҚР шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара ретінде 3,3 млн теңге мен 500 мың теңгені жеке өздері берген. Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәлардың айғақтарымен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен дәлелденді.
ҚК-тің 366-бабы 3-бөлігінің санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сома мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігінің санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30 еселенгеннен 40 еселенгенге дейінгі сома мөлшерінде айыппұл салу не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, кінәларын мойындауы – жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы танылды.
Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Инспекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағылды. ЖК және ШҚ басшыларына – пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!