Атырауда бір түнде екі жүкті әйел қайтыс болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды ATPress.kz сайты.
Басылым мәліметінше, екі өлім де 12 қазанда тіркелген. Жүкті әйелдің бірі Атырау облыстық ауруханасында, екіншісі Мақат ауданында қайтыс болған.
"Барлық реанимациялық шараға қарамастан, дәрігерлер жүкті әйелдерді аман алып қала алмады", - деді Асхан Байдувалиев брифингте.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Жанар Садуованың айтуынша, 33-34 жас аралығындағы әйелдердің екеуі де Мақат ауданының тұрғындары.
"Екі жағдайда да жүкті әйелдер жағдайы нашарлап ауруханаға түскен. Бірінші әйелдің өлімінің себебі - cепсис, септицемия, өкпе қабынуы. Дәл осы күні Мақат аудандық ауруханасында тағы да бір жүкті әйел қайтыс болды. Ол ауруханаға шұғыл жеткізіліп, жүрегі үш рет тоқтап қалған. Науқас жүктіліктің 32 аптасында болған. Оны дереу жасанды тыныс алу аппаратына қостық. Қажет медициналық көмек көрсеттік, бірақ әйелді аман алып қала алмадық. Оған вирустық-бактериялық генез сепсисі деген диагноз қойылды. Екі науқастың өлімін зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана толық айта аламыз", - деді Жанар Сәдуова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!