Атырауда жағалаудағы бөгеттерден құм салынған қаптарды ұрлағандар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, 18 сәуірде сағат 21:00 шамасында Атыраудағы Жайықтың жағасында дайындалған су бөгеттерінен құм салынған қап ұрлағандар анықталып, ұсталды.
"42, 32, 37, 38 жастағы ер адамдар мен 34 жастағы әйел тұрғын үйді қоршау үшін көлікке құм салынған дорбаларды тиеп алған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 16 сәуірде Атырау полиция бөліміне су тасқынына қарсы бөгеттерді нығайту жұмыстарына қатысып жатқан тұрғындардан арыз-шағымдар келіп түскен. Тұрғындардың айтуынша, бөгеттегі қаптардың азайғаны анықталған.
"Бұл дерек бойынша Жедел басқару орталығының қызметкерлері мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмылдырылып, жан-жақты бақылау жүргізіліп жатыр. Осы ретте, бұл құқықбұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік көзделіп, заң аясында жазаға тартылатындығын ескертеміз", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!