Атырауда полиция кәсіпкерден 2 миллион теңге ақша бопсалаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
26 жастағы блогер жеке кәсіпкердің қызметін бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктемеу үшін қаражат талап еткен.
Ол азық-түлік дүкенін бірнеше мәрте түсіріп, тауар салынған сөрелерді ақтарып шу шығарған. Видеоны көпшілікке жарияламау үшін 2 миллион теңге қаражат сұрап, тегін азық-түлік алған. 47 мың теңге тауардың ақысын төлемеген.
Сондай-ақ, күдікті ақпанда сот ғимаратындағы қызметтік бөлмеде киім қалтасынан 20 мың теңге қаражат ұрлаған.
Қазір күдікті қамауда отыр. Ұрлық және бопсалау деректері бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
"Бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе куә болсаңыз, 98-22-05 және 102 арнасына хабарлауыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!