Атырауға қарасты Кенөзек ауылдық округінде 20-дан астам ірі қара мал қырылған. Ветеринарлар жүргізген алғашқы зертханалық тексеру қауіпті ауруларды анықтамаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы айларда мал өлімі жиілеп кеткен. Шаруа Қалыбек Жиенбаевтың қожалығында биылдың өзінде 19 бас мал қырылған.
"Ең бастысы – малдың нақты неден ауырып жатқанын анықтау. Олар жайылымнан қайтып келе жатып та, қорада тұрып та өліп қалады. Мұндай жағдай тек менің шаруашылығымда емес, өзге тұрғындарда да бар", – деді фермер.
Кенөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспановтың айтуынша, қауіпті ауру белгілері анықталмаған мал өлекселері санитарлық талаптарға сәйкес жойылған. Сондай-ақ мал ұсталған орындарға дезинфекция жүргізілген.
Атырау қалалық ветеринарлық станциясының басшысы Ықылас Азаматов алғашқы зертханалық тексерулерден ауру белгілері табылмағанын айтты.
"Біз қан сынамаларын, патологиялық материалдарды алып, облыстық ветеринарлық зертханаға жібердік. Нәтижелері теріс болды. Қосымша су мен жем-шөптен де сынама алдық. Олардан да ешқандай қауіп анықталған жоқ", – деді ветеринарлық станция басшысы.
Алайда бұған қарамастан, мал өлімі әлі де жалғасып жатыр.
Шаруалар қырғынның нақты себебін анықтау үшін қосымша зерттеу жүргізуді сұрап отыр. Өйткені диагноз қойылмайынша, малды қалай және қандай тәсілмен емдеу керектігін білмей отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!