Атыраулық экобелсенді аймақтағы арналардың бірінде ұсақ балықтардың қырылып жатқанын көрсетіп, дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол әлеуметтік желіде видео жариялап, шенділердің жағдайды бақылаусыз қалдырмауын сұрады.
"Балықтар қырылып жатыр. Мынау нағыз масқара ғой! Миллион емес, миллиард шабақтар қырылып жатыр. Мынау Бақсай каналындағы көрініс. Судың ағыны жоқ, жағада бос жатып қырылып қалып жатыр. Енді аяз болып мұз қатса не болады? Мынау сұмдық қой. Обал-ай!", - дейді видео авторы.
@jaiyq_balyq БАЛЫҚТАР ТАҒЫ ҚЫРЫЛУДА…!!! Биыл өр суымен келген балықтар, көлшіктерде уылдырық шашып, өсіп, өніп, көбейіп, тереңге кетер ағын жоқ көлшіктерде қалып қойып, текке қырылуда! Бұл Таңдай ауылынан Хамит Ерғалиев бағытында Бақсай каналына қосыла алмай тұрған көлшік балықтың саны жоқ, өте көп. Тез қолға алу керек. Алдағы күндері қар жауатын болса, бұл балықтарға ауа жетпей БӘРІ ҚЫРЫЛЫП ҚАЛАДЫ…!!! Серік Шәпкенов, Шакир Кейкин Nurlybek Gaisin Атырау Қаласының Әкімдігі Атырау Облысы Экология Департаменті Артур Сәдібекұлы, Аслан Омаров 13.01.2025 @актуальное
♬ оригинальный звук - JAIYQ_BALYQ
Аталмыш жайтқа Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді. Олар деректі растап, балықтар жиналған арнаға барып, 180 мыңға жуық балықты аман алып қалғандарын айтты.
"2025 жылғы 13 қаңтарда Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының (бұдан әрі - инспекция) қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында балық аулау орнында балық шабақтарының жиналу фактісін анықтады. Атырау облысы Махамбет ауданы Х.Ерғалиев елді мекеніндегі Бақсай су арнасы өзара іс-қимыл сызбасы бойынша 2025 жылғы 14 қаңтарда инспекция қызметкерлерінен тұратын топ, Экология, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының және ветеринарлық қызметтің қызметкерлері балық шабақтарының жинақталуы анықталған жерге барып, нәтижесінде 180 мыңға жуық жас балық аман қалды", - деп жауап берді министрлік.
Сондай-ақ зертханалық тексеріс үшін су мен балық үлгілері алынғаны хабарланды.
Ведомство балық шабақтарының өлу қаупінің алдын ала себебі - су арнасының мұз болып қатып, оттегінің азайып кетуінен дейді.
"Өлген балық шабақтарын жинау және кәдеге жарату бойынша белгіленген тәртіппен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жойылған балықтардың көлемі туралы нақты ақпарат аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін беріледі. Инспекция жағдайды ерекше бақылауға алды", - деп қосты Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!