Атырауда балалар хлормен уланған аквапарк директоры қамауға алынды

Атырауда 13 шілде күні балалардың хлор қосындысынан жаппай улану фактісі тіркелген Palma аквапаркінің директоры ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Atyrau Online сайтына сілтеме жасап.

Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды.

Еске салсақ, оқиға қаладағы танымал демалыс орындарының бірінде болған. 14 бала медициналық көмекке жүгінген, олардың үшеуі облыстық және балалар ауруханасына жеткізілген.Зардап шеккен үш бала ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған.

Куәгерлердің айтуынша, аквапарк ішінде хлор иісі күрт күшейіп, су түсі өзгерген. Балалар жөтеле бастап, есінен танып құлаған. Ата-аналар балаларын шұғыл эвакуациялап, жедел жәрдем шақырған.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайдың себебі – хлор қосындысының мөлшерін дұрыс есептемеу. Бассейн иелері су тазалау жүйесінде ақау болғанын мойындады. Оқиғадан кейін нысан уақытша жабылып, ТЖД мен прокуратура тексеру жұмыстарын бастаған.
 
 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!