- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырауда балаға ескерткіш...
Атырауда балаға ескерткіш құлаған оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты
Атырауда биыл жазда кішкентай қызды ескерткіш басып қалып, оқиға салдарынан бала көз жұмды. Марқұмның жақындары әлеуметтік желідегі жергілікті пабликке 3 айдан аса уақыт өтсе де іс әлі тергеліп жатқанын айтты. Massaget.kz тілшісі мәселеге үңілді.
Жергілікті пабликке берген сұхбатында қыздың әкесі қалалық әкімдік тек жерлеу рәсіміне көмектескенін айтқан. Ескерткіштің астында қыздың әкесі де, бауыры да қалып, олар да жарақат алған. Алайда емделуге қажет шығынды өздері көтерген.
"3 қазанда Айару өмірден өткеніне 100 күн толады. Біз полицияға арыз жаздық, бірақ үш айдан аса уақыт өтті, ал іс әлі де тергеліп жатыр. Тергеуді әдейі созып жатқан сияқты", – деді қыздың әкесі Айдос Сабыров.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Massaget.kz-ке берген жауабында кешенді тергеу амалдары әлі де жүргізіліп жатқанын, әзірге жаңа ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Еске салайық, биыл 26 маусымда Атырауда 7 жасар балаға ескерткіш құлап, көз жұмғаны хабарланды. Артынша қала әкімі жағдайға пікір білдірді.
Естелік аллеясында батырлар мүсіні кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына орнатылған еді. Орал қаласында жасалған. Мемлекет ешқандай қаражат жұмсамады. Мен де тәжірибелі құрылысшы болғандықтан, мұндай салмақты мүсіннің қалай құлап кеткені өзіме де жұмбақ болып отыр. Ол желдің әсерінен құлады деп ойламаймын. Анық-қанығын тексеріп жатырмыз" – дейді Шәкір Кейкин.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін полиция куәгерлерді іздейтінін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова